Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың дәрігерлері медициналық жоғары технологияларды қолдана отырып, бас миының ісігіне шалдыққан науқастарға күрделі ота жасауда. Ақ желеңділер жыл басынан бері аталмыш диагноз бойынша 3 азаматқа ота жасап, үміт отын сыйлаған.
Солардың бірі 63 жастағы шымкенттік зейнеткер. Бас миын зақымдаған ісіктің салдарынан науқас жиі талып, есін білмейтін халге жеткенін айтады. Дәрігерлер оған дереу күрделі ота жасау шешімін қабылдаған. Ота уақыты 8 сағатқа созылған. Құны 1 млн. 800 мың теңгені құрайтын жоғары технологиялық медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен тегін көрсетілген.
Қалалық №1 клиникалық аурухана дәрігерлерінің айтуынша, зейнеткердің жағдайы қазіргі таңда жақсы. Алдағы уақытта бақылауда болады. МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділік артқан. Шымкентте былтыр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде 1300-ден астам адамға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген.
Біле жүріңіз! МӘМС қарапайым халықтың мүддесін қорғауды көздейді. Сіз сапалы әрі жоғары технологиялық медициналық көмек алуға құқылысыз.